Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыстың артуына байланысты жұмыс кестесін өзгерту туралы шешім қабылданды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Енді еліміздеді 20 мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы (автоцон) сенбіде сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін мемлекеттік қызметтер бойынша өтінім қабылдайды. Ал құжаттарды беру сағат 09.00-ден 15.00-ге дейін болады.
Ақтөбеде, Атырауда, Оралда, Ақтауда және Қызылордада кезекші мамандандырылған ХҚО Астана уақыты бойынша сағат 10-00-ден 14-00-ге дейін қабылдайды. Ал құжаттарды сағат 16-00-ге дейін береді.
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары жүргізуші куәлігін алу, көлік құралдарын тіркеу, сондай-ақ нөмір беру бойынша қызмет көрсетеді.
«Қажетті мемлекеттік қызмет туралы Бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөмірі және @kenes1414Bot Telegram-боты арқылы білуге болады. Сондай-ақ корпорацияның әлеуметтік желілерінде де жауап беріледі. Кезекші ХҚО мен мамандандырылған ХҚО жаңа жұмыс кестесімен мемлекеттік корпорацияның ресми сайтында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде (Facebook, Instagram, Telegram) танысуға болады» делінген мәліметте.
Еске салайық, мемлекеттік қызметтерді eGov порталы, eGov mobile қосымшасы және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасы арқылы онлайн алуға болады.