Ішкі істер министрлігі ведомстваға қарасты жоғары оқу орындарының қызметінде оқу және оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыруда өрескел бұзушылықтар мен елеулі кемшіліктерді анықтады. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Тексеру кезінде ІІМ Қостанай академиясы және Ақтөбе заң институтының басшылығымен сапалы, тиімді оқу және оқу-әдістемелік жұмыс қамтамасыз етілмегенін, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттардың сақталуы бойынша тиісті бақылау жүзеге асырылмағаны белгілі болған. Сонымен қатар, оқу-әдістемелік процесті ұйымдастыру, оқу орындары бөлімшелерінің жұмысын үйлестіру тиісті деңгейде қалыптаспаған. Аталған бұзушылықтар Академия мен Институт басшылығының қызметтік міндеттері мен лауазымдық нұсқаулықтарын тиісінше орындамауы салдарынан болған.
Екі оқу орнының басшылығына жұмыстағы олқылықтары мен кемшіліктері үшін Ішкі істер министрі М.Ахметжановпен жазалау туралы бұйрыққа қол қойылды. Қазақстан Республикасы ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы бастығының орынбасары Нұрышев Ақан Жақыпбекұлы қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертілді. Қазақстан Республикасы ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастығы Байсұлтанов Алтай Бисенұлына қатаң сөгіс жарияланды.