Елімізде енді жоғары білім алғысы келетін мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін білім гранттарының саны артуы мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Facebook парақшасында жазды.
Министр өз жазбасында жауаптыларға мүмкіндігі шектеулі жандардың сапалы жоғары білім алу концепциясы жобасын әзірлеуді тапсырғанын атап өткен. Осы мақсатта С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессорымен кездесіпті.
«Сейфуллин атындағы КазАТУ университетінің қауымдастырылған профессорымен кездесу барысында мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға жоғары оқу орындарында бакалавриатқа бөлінетін жеке білім гранттарының мөлшерін 1%-дан ұлғайтуды қарастыруды талқыладық. Сонымен қатар магистратура және докторантураға мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жеке мемлекеттік білім гранттарын бөлу мәселесін, ЖОО ғимараттарында мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына қолайлы болуын қамтамасыз ету мен қолдау орталықтарын ұйымдастыру секілді мәселелерді де көтердік. Себебі зағип жандар қоғамның тең құқылы азаматы болуға әбден лайықты» деп жазды Саясат Нұрбек.