2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақша тәрбиешілерінің, мектептер мен колледж мұғалімдерінің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы тағы 25%-ға өседі.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында мұғалімдер жалақысының жыл сайын көтерілуі оң нәтиже беріп отыр. Мұғалім мамандығына мектепті үздік бітірген түлектер келе бастады. Талапкерлердің ҰБТ-дағы орташа балы айтарлықтай өсіп, педагогикалық мамандықтарға түсетін «Алтын белгі» иегерлерінің саны бірнеше есе көбейді. 2023 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы тағы 25%-ға өседі. Сонымен қатар мұғалімдер алатын жалақыға қосымша төлемдер белгіленеді. Бұл – біліктілік санаты үшін (лауазымдық жалақының 30%-дан 50%-ға дейін), магистр дәрежесі үшін, сабақтарды ағылшын тілінде жүргізгені, дәптерлерді тексергені, сынып жетекшілігі және тәлімгерлігі үшін қосымша төлемдер», – деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Қаржы және бюджетті жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш.
Ведомство мәліметінше, мұғалімдердің жалақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігіне, жұмыс өтіліне, магистр дәрежесіне және басқа да қосымша төлемдерге байланысты есептеледі. Ал дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан кейін қосымша спорт секцияларын өткізгені үшін ай сайын қосымша ақы төленеді.