Оқу-ағарту министрлігіндегілер жаңа оқу жылында оқушылар мектепке қандай формамен баратынын айтты. Ведомствадағылар мектеп формасына қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады деп отыр. Яғни, өткен жылдағыдай заңнамалық нормалар қолданылады. Оқушылар бұрын сатып алған немесе дайындаған формамен мектепке еркін келе алады. Сонымен қатар министрлік еліміз бойынша тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 418 мың балаға «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан көмек көрсетілетінін жеткізді.
«Ата-аналардан кейбір мектептерде мектеп формасына қойылатын талаптар, яғни түс, киім дизайны бойынша нақты жеткізушілерге немесе өндірушілерге сәйкес жасалғаны туралы шағымдар бар. Осыған байланысты кейбір өңірлерде білім басқармалары ата-аналар қауымдастығы және қамқоршылық кеңестерімен келісе отырып, әр мектеп өз талаптарын қоймауы үшін өңірде бірыңғай түсті енгізуді, сол арқылы ата-аналардың таңдауына шектеу қою туралы шешім қабылдады» деп атап өтті министрліктегілер.
Осы ретте ведомства ата-аналардың назарын талаптар өзгермегеніне аударғысы келіп отыр. Мәселен, егер оқушы мектепке сатып алынған немесе бұрын сол мектептің қамқоршылық кеңесі бекіткен аға-әпкелерінен қалған форманы киіп келе алады. Ата-аналардың өтініштерінен кейін бірнеше білім басқармасы қамқоршылық кеңестермен бірлесіп, облыс бойынша мектеп формасының біркелкі түсін белгілеуге шешім қабылдаған. Барлығы қою көк түсті таңдаған. Бірақ бұл балаларды шектемейді, яғни олар бұрыннан бар мектеп формасымен білім ұяларына бара алады.
«Облыс бойынша мектеп формасының бірыңғай түсін белгілеуге тоқтала кетсек. Бұл нақты жеткізушілерге талаптар қою тәуекелдерін барынша азайтып, қолжетімді форманы (нарықта немесе дүкенде) сатып алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, оқу жылына дейін атаулы әлеуметтік көмек алатын немесе жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайға тап болған отбасылардан шыққан 418 мың балаға көмек көрсетілетінін атап өтемін. Оларға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін «Жалпыға міндетті білім беру» қорынан қолдау көрсетіледі», — деді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.