Мобилизациядан қашып, Қазақстанға келген ресейліктер өз елдеріне қайтарыла ма? Бұл сұраққа еліміздің Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауап берді.
«Бізде Ресеймен құқықтық көмек көрсету туралы, яғни сотталғандарды алмасу және қылмыскерлерді экстрадициялау бойынша келісімшарт қатынасы бар. Ең негізгі қағидат – біз жақта да, ол тарапта да бұл қылмыстық жазаға тартылатын әрекет болуы керек. Оған қоса халықаралық іздеу жарияланған азаматты сұратып отырса, Қазақстан аумағында өзге кедергілер болмаса, анықтап, экстрадициялау тәртібі бойынша Ресей Федерациясына тапсырамыз. Бұл жерде әскери мобилизация туралы әңгіме жоқ. Мен жұмылдыру туралы айтып отырған жоқпын. Тіркеліп, санкцияланған, халықаралық іздеу жарияланған қылмыстық заң бұзулар туралы айтып отырмын. Ресейдің әскери комиссариаттары іздеу салатын болса, бұл оларды Ресейге табыстауға құқықтық негіз болмайды»,- деді министр.