Орал қаласы құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы Арман Өксікбаев 134 миллион теңге пара алды деп айыпталған еді. ҚР ҚК 366-бабы 4-бөлігі (аса ірі көлемде пара алу) бойынша қылмыстық іс қозғалған күдіктінің ісі БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралады.
Еске сала кетейік, Арман Өксікбаев 2020-2021 жылдар аралығында пандемия кезеңіндегі арнайы тәртіпті пайдаланып, жеке кәсіпкермен мемлекеттік сатып алу шартын жасауға ықпал еткен. Бұл аздай ол Орал қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған тоғыз қабатты екі тұрғын үй құрылысынан да қаржы жымқырған. Яғни, орындалған жұмыстардың актілеріне еш кедергісіз қол қойып, осы көмегі үшін мердігерден уағдалы 170 млн теңгенің 134 млн теңгесін пара ретінде алыпты. Дауға іліккен екі тұрғын үйдің құрылысына 2,2 млрд теңге бөлінген болатын.