Қазір қала базарларында қант мүлдем жоқ. Бірақ өңір шенеуніктері шекер тапшылығы жоқ екендігін айтып сендіріп отыр. БҚО Кәсіпкерлік және индустриялық даму басқармасының өкілдерінің сөзінше, қантты ірі сауда орындарынан сатып алуға болады
— Қаладағы ірі супермаркеттерде қант сатылып жатыр. Сауда орталығы 68 тонна шекердің килограмын 328 теңгеден сатып алған. Қазір келісін 370 теңгеден сатып жатыр. Бұл үстеме бағаға тасымал шығыны, қызметкерлердің жалақысы кіреді. Бірақ алыпсатарлыққа жол бермеу үшін қант саудасы шектеліп отыр. Өйткені адамдардың қантты қапшықтап сатып алып, басқа жерге қымбатқа сатуы мүмкін. Сондықтан әр адамға 1-2 килограмм ғана сатылады. Сондықтан тез өтіп кетіп жатыр, — дейді БҚО Кәсіпкерлік және индустриялық даму басқармасының басшысы Жұмагелді Батырниязов. Оның айтуынша, Жамбыл облысындағы қант өндіруші зауытпен Оралға апта сайын 140 тонна шекер жеткізу туралы келісім жасалған. Оралдық кәсіпкерлер 476 тонна өнімнің ақысын алдын-ала төлеп қойыпты. Бірақ зауытта шикізат болмауы себепті, бұл іс біраз кешеуілдеген екен. Дегенмен келер айдан бастап, қанттың әлі қымбаттауы мүмкін. Өйткені зауыттың өзіндегі көтерме баға қазірдің өзінде 450 теңгеге жуықтапты.