Олар хабарландыру сайтынан арзан қант сатылатыны туралы жарнаманы көргенін айтады. Содан кейін сатушымен келісіп, 800 мың теңгені алдын-ала аударып жіберген. Құмшекердің әр килограмын 200 теңгеден аламыз деп шаттанған әйелдердің қуанышы көпке созылмады. Ұзақ күткен тауары ақыры келмеген соң, алданғанын біліп, полицияға хабарласыпты.
— Қазір ғаламтор желісінде арзан қант сатылатыны туралы хабарландыру өте көп. Бағасы да көптің көңілінен шығады. Әр келісін 200-400 теңгеден пұлдаған сатушылар Қазақстанның кез-келген облысына тауарды тегін жеткізіп береміз деп уәде береді. Бұл тұтынушы үшін өте қолайлы. Өйткені Алматы немесе Шымкент қаласынан алыстағы Атырау мен Оралға қапшық-қапшық құмшекерді жеткізу үшін де біраз шығындану керек. Аңғал ағайынды алдаған алаяқтар тіпті сатып алушылармен келісім-шарт та жасайды. Бұл құжатты тіпті электронды поштамен жіберіп, шот-фактураларын жолдайды. Қант салынған қапшықтардың да суретін қоса жібереді. Бірақ мұның бәрі аңқау тұтынушыларды тақырға отырғызудың амалы. Сондықтан тауарды алмайынша ақысын алдын-ала төлемеңіз. Сатушы жеке куәлігіңіз бен өзге де құжаттарды сұрап жатса – бермеңіз. Өйткені сіздің атыңыздан онлайн несие де рәсімдеуі мүмкін, — дейді БҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Ілияс Мұқанов. Қазір БҚО полициясы «қант оқиғасына» байланысты 4 қылмыстық іс қозғаған. Қазір тәртіп сақшылары хабарландыру сайттарындағы жарнамаларды тексеруге кірісіпті.
Ал жергілікті билік жағдайдың бақылауда екенін айтып сендіріп отыр. Олардың сөзінше, өңірде қант жеткілікті. Аймаққа қажет тауарды көтерме сатып алушылар жеткізіп береді. Қазір 1700 тонна қант тиелген 25 вагонның ақысы тқленген. Олардың 19 вагоны Оралға жеткізілсе, қалған 5 вагон әлі жолда. Өз аз қантты алыпсатарлардың қайта сатуына жол бермеу үшін қазір БҚО аумағында адам басына небары 1-3 кг ғана сатылады. Батыс Қазақстан облысы ай сайын 1 340 тонна қантты тұтынады. Осы деректерді алға тосқан шенеуніктер қанттың қаладағы ірі сауда орталықтарында килограмы 489-630 теңгеден еш кедергісіз сатылып жатқанын айтады. Бірақ қантты қымбатқа сатып алуды қиынсынған оралдықтар құмшекерді келілеп сатып алу тиімсіз. Өйткені жаз ортасына таяған қазіргі уақытта жеміс-жидек пен көкөністің арзандағанын пайдаланған әйел заты түрлі қайнатпа жасап, қысқа қамдануға кіріседі. Қыстан қысылмай шығу үшін кемінде бірер қап қант керек.
— Баға күн санап өсіп жатыр. Қыста 50 келілік қапшығы 10 мың теңгеге сатылған құмшекер қазір бірнеше есеге қымбаттаған. Жақында 25 килограмм қантты 16 мың теңгеге сатып алдым. Бірер күн бұрын 500 теңгеге қымбаттаған. Үй болғасын, қонақ келеді. Балаларға түрлі тәтті пісіріп бересің. Шекер бәрібір керек қой деп бүгін алуға барсақ, еш жерден таппадық. Қазір тіпті қапшықтап сатылмайтын болған. Әр адамға ұстатар 2 кг шекер кімге жетеді? 50 кг алу үшін дүкенге 25 рет кіремін бе?, — деп күйінеді Орал қаласының тұрғыны Гүлайым Молдабаева.
Хабарландыру сайттарында арзанға қант сатушылардың қарасы қалың. Бағасы да әлдеқайда арзан. Бірақ көбінің телефоны өшірулі. Уатсапп желісі арқылы хабарласуды сұраған сатушылардың кейбірі ресейлік ұялы телефон нөмірін қолданатынын байқадық. Сондықтан интернет-алаяқтардан сақ болу керек, — дейді полицейлер. Өйткені мұндай қылмысты әшкерелеу оңай емес. Себебі Ресей немесе өзге де елдердің алаяқтары Қазақстандағы жағдайды жақсы біледі. Осылайша арзан қант іздегендерді алдап-соғу үшін небір құйтырқы әрекетке барады. Полиция дерегінше, 2017 жылы 26 интернет-алаяқтық тіркелсе, былтырдың өзінде бұл қылмыс 26 есеге көбейіп, 678 іс қозғалған. Биылғы 6 айдың өзінде 301 дерек тіркеліпті. Енді тәртіп сақшылары қант саудасына өз үлесін қосар «қант саудагерлері» осы статистиканы өзгерте ме деп алаңдаулы.