Бұл видеоны тәртіп сақшыларының өздері таратыпты. Полиция күдіктіні таныған тұрғындар құнды ақпарат бере ме деп үмітті. Тіпті қылмысты ашуға септігі тиер ақпарат берген азаматтарға ақшалай сыйлық та қарастырып отыр.
Естеріңізге салайық, 72 жастағы кейуананы үйінде белгісіз біреу 9-наурыз күні үйінде пышақтап өлтіріп кеткен еді. Бірақ күдікті әлі табылмады. Осы оқиға бойынша «Адам өлтіру» және «Қарақшылық жасау» бабы бойынша екі қылмыстық іс қозғалған. БҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Сұлтан Шалдарбеков марқұмның екі алтын сақинасы мен сырғасы ұрланғанын растады:
— Бүгінде жақын маңдағы үйлер түгел тексеріліп, тұрғындарынан күдікті туралы сұрастырдық. Осы аумақтағы бейнекамералардың видеолары алынып, сол бойынша жасалған сараптама арқылы күдіктінің әйел адам екендігін анықтадық. Біздің дерегімізше, ол — азиялық нәсілді, жасы 35-45 аралығында, бойы 165-170 сантиметр, орта денелі. Сол аяғын аздап сылтып басады. Егер бұл азаматшаны танитын адамдар болса, 8 701 849 01 01, 8 702 934 29 25, 8 7112 98 45 30, 102 телефонына хабарласуын сұраймыз. Ақпарат берген адамның аты-жөні құпия сақтауға уәде береміз.