Жедел жәрдем көлігінің ішінде дүниеге келген сәбидің денсаулығы жақсы. Бірер күнде перзентханадан шығаруы тиіс. Қазір «Жедел жәрдем» бригадасында тәжірибе жинақтап жүрген Жергілікті медициналық колледждің студенті Айсұлтан Нұрышев жүкті келіншекті тезірек перзентханаға жеткізуге асыққанын айтады. Бірақ сәбидің өз «жоспары» болып шықты. Көлікті жол бойына тоқтатқан дәрігерлер әйелді босандырып, сәбидің кіндігін кескен. Осыдан кейін қалалық перзентханаға жеткізіпті.
— Қазір «Жедел жәрдем» бригадасында практикада жүрмін. Осыған дейін де екі әйелді өзім босандырып алғам. Олардың біреуі де дәл осылай көліктің ішінде сәбиін өмірге әкелді. Қазір ептеп тәжірибе жинадық, сондықтан бұл жолы асып-саспадық. Аға фельдшер екеуміз бүкіл жұмысты алгоритм бойынша жүргіздік. Шарананың салмағы 3 кг, бойы 52 сантиметрден асады. Бірақ екіқабат әйелдер бізді осылай тығырыққа тіреп, өзінің де, сәбидің де өмірін қинағанша, перзентханаға уақытында барғаны дұрыс қой, — дейді «Жедел жәрдем» санитары Айсұлтан Нұрышев. Бүгінде Орал қаласындағы жедел жәрдем қызметіне күніне 300-ден астам қоңырау түседі. Солардың жиырмадан астамы — жүкті келіншектердің шақыртуы.