Павлодарда танысының үйіне қонаққа барған 20 жасар бойжеткенді кірпішпен ұрған жігіт ұсталды. ІІМ-нің Telegram-каналындағы мәліметінше, күдікті 27 жастағы ер адам, жергілікті жердің тұрғыны.
«Сотқа дейінгі өндірісті жүргізу барысында бұл ер адамның қыздың ұялы телефонын тартып алғысы келгені анықталды. Тергеу қарақшылық шабуыл фактісі бойынша жүріп жатыр. Күдікті Павлодар қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.
Айта кетейік, біз бұған дейін бойжеткенге бейтаныс ер адамның кірпішпен шабуыл жасағаны туралы жаздық. Жас қыз танысының үйіне қонаққа барғанда үйдің кіре-берісінде оның артынан ер азамат келіп, кірпішпен басынан бірнеше рет ұрған. Бұл оқиға үй алдындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.