Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы Жылға ауылының 500-ге жуық азаматы тұрғын үй салу үшін жер телімдеріне ие болды. Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіеше, олардың барлығы бірнеше жылдан бері жер кезегіне тұрғандар. Себебі аудан көлемінде 2012 жылдан осы күнге дейін ешбір елдімекенде жер телімдері берілмеген екен. Осыған орай аталған шараға аудан әкімі Мұхит Отаршиев арнайы қатысып, жер иелеріне құқық беруші құжаттарын табыстады.
Жер телімін алған ауыл тұрғыны Жарқынбек Қанаев халықтың көкейкесті мәселелерінің бірі шешімін тапқанына қуанышты екендігін, көптен бергі арманының орындалғанын айтты. Сонымен қатар, ауыл қариялары да елге қызмет етіп жүрген азаматтарға ақ батасын беріп, жақсы істер жалғасын таба берсін деген ізгі тілектерін жеткізді.
Жылға елдімекенінде «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 42 гектар аумақты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 16 шақырым электр желілері және 4 дана трансформатор орнатылыпты. Сондай-ақ ұзындығы 6 шақырымнан аса көшелерге шағал төсеу жұмыстары жүргізілген.
«Бүгінгі таңда Сарыағаш ауданында 18 мыңнан астам азамат жер телімінің кезегінде тұр. Тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін сұрап жазған өтініштер санын азайту мақсатында Дербісек елді мекеніндегі 70 га жаңа қоныстану аймағын қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы бөлдіру үшін облыстық бюджетке ұсынылған. Қажетті қаржы бөлінген жағдайда аталған аймақ инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, жер телімдері кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады» делінген аудан әкімдігі берген мәліметте.