20 жасар қыздар құрбыларының үйіне қонаққа барып, түн ішінде ұрлық жасаған. Олар үй иесінің қымбат телефонын ұрлап алған.
Полицейлерге 22 жастағы тұрғын арызданды. Ол өз арызында екі құрбысы үйіне қонуға келіп, өзіне тиесілі «Iphone 13 pro max» маркалы ұялы телефонын алдын ала сөз байласу арқылы жасырын жымқырып кеткендігін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 1, млн теңгені құрады.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен (Адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы жасалған қылмыстық іс әрекет) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Жедел іздестіру іс-шарасы барысында күдіктілер бір тәулік ішінде қолға түсті. Екеуі де Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Қазіргі кезде өз кінәларын толықтай мойындап отыр. Тергеу амалдары жүргізілуде» делінген Шымкент қалалық Полиция департаментінің мәліметінде.
Белгілі болғандай, жас қыздар ұялы телефонды ұрлап алған соң оны ломбардқа өткізіп жіберген. Ал ақшасын өзара бөлісіп алыпты.
Айғақты зат тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Полицейлер ұсталған азаматшалардың басқа да осы тектес жайттарға қатысы бар-жоқтығын анықтауда.