Еңбекші ауданы Полиция басқармасының кезекші бөліміне шағын несие беру ұйымына шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен аудандық прокурорлар шықты.
Кассир полицейлерге берген түсінігінде кешкі сағат 18.30 шамасында мекемеге көзілдірік тағып, бетіне медициналық бетперде киген, жасы 30-35 шамасындағы орта бойлы ер адам кіріп, пышақпен қорқытып, 1 миллион теңгеге жуық ақшаны алып, белгісіз бағытта бой тасалағанын көрсеткен.
Сол күні шабуыл жайты бойынша тергеушілер ҚР ҚК-нің 192-бабымен «Қарақшылық» сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Ал криминалдық полицияның жедел уәкілдері күдіктінің жеке басын анықтау бойынша барлық қажетті іс-шараларды жүргізді. Сыртқы қызметтердің жеке құрамын бағдарлап, жақын маңдағы дүкендердің сатушылары мен көп қабатты үйлердің тұрғындарынан сұрастырып, сипаттамасы бойынша фотороботты құрастырды. Күдіктінің белгілері бар бағдарлар көрші облыстарға да жіберілді.
Нәтижесінде бір тәулік ішінде полицейлер күдіктінің ізіне түсті. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Сезікті үйінен ұсталып, тиісті полиция басқармасына жеткізілді.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында тергеушілер ұрлықты жасыру мақсатында кассирдің қарақшылықты ұйымдастырғанын анықтады. Көмекке ол өз танысын тартқан. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 419-бабы «Көрінеу жалған сөз жеткізу» бойынша тергеу жүргізілуде», деп хабарлады Шымкент қаласы Полиция департаменті Баспасөз қызметі.