Дәстүрге айналған «Таза қала» акциясы биыл да жалғасын тапты. Бұған бұрынғыдай «Азаматтық альянс» қоғамдық ұйымы бастамашы болды.
Қоғамдық ұйымның өкілі Юсуп Арзыхановтың айтуынша, акцияға қатысуға барлық қала тұрғындары өтініш бере алады. Жасқа шектеу жоқ.
«Үміткер арнайы өтініш толтырып, аудан әкімдігіне тапсырады. Әрі қарай, төрт қала әкімдігінің өкілдерінен құралған жұмыс тобы айына екі рет жобаға қатысушылардың аумақтарының тазалығын, абаттандыру және жасыл желекке бөлеу жұмыстарын қадағалап, ай сайын аумақты фото және бейнежазбаға түсіріп отырады. Әр аудан өз жеңімпаздарын анықтайды. Ал қорытындыны комиссия шығарады. Кім жеңімпаз атанғаны қазан айында белгілі болады. Байқау жеңімпаздары бес номинация бойынша марапатталады: «Үздік аула», «Үздік көше», «Үздік үй», «Үздік тұрғын үй ауданы», «Үздік аула сыпырушы», — деді Юсуп Арзыханов.
Акция бұрынғыдай сол бес номинация бойынша өткізіледі. Олар біздің мегаполистің төрт ауданы бойынша таңдалады. Үздіктердің үздіктерін білікті қазылар алқасы анықтайды.
Акцияның биылғы жүлде қоры — 4,3 миллион теңге. Акция жеңімпаздарын бағалы сыйлықтар күтеді. Азаматтық альянс төрағасы Жұмағали Білісбеков бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсіпкерлерді осы шараға қатысуға шақырды.
Егер сізде «Таза қала»-«Таза қала» акция — конкурсына қосылуға ниет болса, онда өзіңіздің аудандық әкімдіктеріңізге хабарласыңыз.
Өтінімдерді Шымкент қаласы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау әкімдіктерінің жанынан құрылған жұмыс топтарына келесі мекенжайлар бойынша беру қажет:
Абай әкімдігінің аппараты, Тәуке хан даңғылы, 3, телефон 8 (7252) 53-03-16;
Әл-Фараби әкімдігінің аппараты,
Тыныбаев көшесі, 49, телефон 8 (7252) 54-96-54;
Еңбекші әкімдігінің аппараты, Толстой көшесі, 119, телефон 8 (7252) 43-31-09;
Алатау әкімдігінің аппараты, Бәйдібек би көшесі, 60, телефон 8 (7252) 77-45-63.
Юсуп Арзыхановтың телефон нөмірі
(анықтама үшін) — 8-777-409-50-05.
Айта кету керек, биыл «Таза қала» акциясына он жыл толады. 2012 жылы Азаматтық альянс бастамасымен ұйымдастырылған шара қазірдің өзінде жыл сайынғы дәстүрлі қалалық байқауға айналып үлгерді. Мұндай акция республиканың басқа ешбір өңірінде жоқ.