Қазығұрт ауданында үй аралап жүргендер өзге ұлттың әйелдері егде жастағы тұрғынның үйіне келіп, «үйіңде дуа бар, соны тазалап береміз» деген желеумен өздерінің тазалау әрекеттерін жасай бастаған. Осы аралықта тұрғынның мойнындағы алтын алқасы, саусағындағы алтын сақинасын шештіріп үлгергендер 100 000 теңгеден астам ақшасын да алдау жолымен әкетіп қалған. Олар кеткен бойда есін жинаған әйел, бірден полицияға хабарласып, алаяқтарды ұстауға көмектесуін сұрапты.
-Полицияға хабарласқан азаматша өзін гипноз арқылы арбап, көз алдында алтындарын жымқырып кеткенін жеткізген. Олардың мініп келген көлігі туралы үлкен трасса бойындағы патрульдік полиция қызметкерлеріне хабарланды. Күдіктілер мінген «Лада Приора» көлігі жарты сағат ішінде анықталып, тоқтатылды. Алайда көлік ішіндегі әйелдер полицейлерді көрген бетте ен далаға қарай қаша жөнелген. Бірақ полицейлер көлікте болған бес әйелді де ұстады. Оның екеуі күдікті.Екі әйелден алаяқтық жолмен алынған алтындар мен ақша айғақты зат ретінде алынды. Олардың жеке-басын тексеру кезінде Өзбекстан Республикасының тұрғындары екендігі анықталды, — деді Түркістан облыстық ПД баспасөз хатшысы Гүлнар Әбдірахманқызы.
Аталған жайт Қазығұрт АПБ-ға ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Полицейлер олардың Түркістан облысында орын алған басқа да алаяқтық істеріне қатыстылығын тексеріп жатыр.