Жәбірленуші қорықшының айтуынша, ол сол түні рейдтен кейін «Жібек жолы-Жетісай» тас жолының бойында, көлігінің доңғалағы тесіліп, көмекке шақырған адамын күтіп тұрған. Осы сәтте өтіп бара жатқан «Chevrolet Chance» маркалы көлік жанына тоқтап, ішінен бірнеше ер адамдар шығып, сөзге келместен бірден ұрып-соға жөнелген. Бұзақылар қорықшыға дене жарақатын салып, көлігіне материалдық шығын келтіргеннен соң оқиға орнынан қаша жөнеліпті. Осы сәтте қорықшы олардың арасындағы біреуін танып қояды. Соққының астында қалған ер адам бірден полицейлерге хабарлап, көмекке шақырады.
Келестік тәжірибелі тәртіп сақшылары небәрі 2-3 сағаттың ішінде күдіктілердің ізіне түсіп, оларды Қызыләскер ауылынан ұстады. Белгілі болғандай, күдікті бесеу бір-бірімен сыныптас, жас жігіттер болып шықты.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша тіркелді. Тәртіп сақшылары күдіктілерден жауап алу барысында, олардың біріне сол күні түнде, сол жол бойында басқа біреулер тиіскен болып шықты. Содан бұл да өзінің достарын ертіп келіп, қорықшыны өзіне тиіскен адаммен шатастырып, күш көрсеткендерін жеткізді. Қазіргі таңда жәбірленушінің дене жарақатына байланысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысына қарай, заңды шешім қабылданатын болады. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.» -деп хабарлады ТО ПД баспасөз қызметі.