«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі затын сақтап, тасымалдаумен айналысты деген күдікпен Алматы облысының тұрғынын ұстады. Шұғыл ақпарат бойынша ізге түсу нәтижесінде жедел уәкілдер Сайрам ауданына қарасты республикалық «Алматы-Ташкент» тас жолының бойында орналасқан жанармай құю бекетінің маңында күдікті ретінде жаяу кетіп бара жатқан жолаушыны ұстады. Оның жеке басына тінту жүргізу кезінде, қолындағы сөмкесінің ішінен 14 дана полиэтилен пакетке салынған қоңыр-жасыл түсті айрықша иісі бар есірткіге ұқсас зат табылды. Әрі қарай күдікті өз еркімен өзіне тиесілі әмиянынан 1 дана пакетке салынған, сондай-ақ 1 дана қағазға оралған есірткіге ұқсас ұнтақ және «Трамадол» жазуы бар 5 дана психотроптық дәрісін тапсырды. Полицейлердің қырағылығы мен кәсіби шеберлігі арқасында табылған айғақты заттар толығымен тәркіленіп, сараптама тағайындалды. Зерттеу қорытындысына сәйкес сөмкеден алынған заттың салмағы 1 келіге жуық «гашиш» болып шықты. Ал әмияннан алынған пакеттегі зат 1,5 грамм синтетикалық есірткі, қағаз орамадағы зат 1 грамм «героин» екені расталды.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады. Күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.