Сайрам аудандық орталық ауруханасына түнде жол көлік апаты болған жерден бес адам жеткізілген. Олардың барлығы «TOYOTA ALPARD» көлігінің жолаушылары.
«Оның екеуі жан сақтау бөліміне, екеуі жарақат бөліміне жатқызылды. 1 науқас жағдайы жақсы болғаннан кейін амбулаторлық емге жіберілді. Ал жан сақтау бөліміндегі екі науқас бүгін бөлімшеге ауыстырылды, жағдайлары бірқалыпты», деп хабарлады аудандық ауруханадағылар.
17-сәуір күні сағат 21:30 шамасында Сайрам ауданының тұсында болған жол апатынан бір жолаушы қаза тауып, жеті адам түрлі дене жарақатын алған еді. «TOYOTA ALPARD» көлігінің жүргізушісі алдында кетіп бара жатқан «HOWO» маркалы жүк көлігінің артқы бөлігіне соқтығысқан.
Полицияның соңғы дерегінше, минивен Алматыдан Түркістанға қарай келе жатқан. Жүргізушінің жарақаты жеңіл дегенмен әлі есеңгіреу жағдайында, -деді Түркістан облыстық ПД баспасөз хатшысы Гүлнәр Әбдірахманқызы.