Кентау қаласында өткен ерекше шараға 10 команда қатысты. Әр топ бес адамнан жасақталған. Олар арнайы бөлімдер белгілеп берген көшелерді жылдамдықпен толық тазалап шықты. Шарт бойынша командалар белгіленген уақытта өздеріне тапсырылған көшені тазалап, қоқыстарды арнайы қаптарға толтырады.
Пайдалы сайыс қаланың орталығындағы басты көшелерде өткізілді. Яғни үнемі тазалыққа шағым көп түсетін аймақтар таңдалды. Шараға қатысушылар жылдам қоқыс жинап қана қоймай, қала тұрғындарына тазалық сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын да жүргізді.
Игі шарада өзгелерден қоқысты артық жинаған топтар анықталып, қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар «Plogging» шарасына демеушілік жасаған азамат әзірлеген бағалы сыйлықтарға ие болды.
«Шараның басты мақсаты – тұрғындарға қаланың тазалығына бейжай қарамауды насихаттау, әр азаматты өз ауласы мен көшесін таза ұстауға бейімдеу. Кентауда мұндай бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ» – делінген Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.