Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы «Майлыкент» жалпы орта мектебінің директоры ағылшын тілі пәні мұғалімінен пара алғаны үшін сотталды.
Мектеп директорына Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігімен айып тағылды.
Мектеп басшысы өткен жылдың 7 қазанында мұғалімді жұмысқа қабылдаған. Педагог білім ордасында 2021-2022 оқу жылы мұғалім болып істеп жүргені және оны сауықтыруға арналған жәрдемақы қаражатын алатындардың тізіміне қосқаны үшін директор одан 200 мың теңгені пара ретінде алған.
Сот отырысында мектеп директоры өзінің кінәсін толық мойындап, жасаған қылмыстық іс-әрекеті үшін өкінетіндігін айтқан. Сонымен қатар қамқорлығында кәмелетке толмаған екі баласы барын ескеріп, соттан айыппұл жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы өзіне тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды.
«Сот үкімімен сотталушыға алған параның отыз еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 6 миллион теңге көлемінде айыппұл салу жазасы тағайындалды. Соныдай-ақ оған мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды» делінген облыстық сот берген мәліметте.
Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.