Түркістан облысы, Келес ауданында түнгі уақытта жергілікті отбасының үйіне қарумен шабуыл жасалды. Облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов қарақшылық шабуыл жасаған туыс жігіттердің ұсталғанын жеткізді. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, қарақшылық шабуылдың құрбаны болғаны жөнінде хабарлама түсірген. Анықталғандай, қарақшылар жәбірленушілерді қарумен қорқытып, оқиға орнынан бой тасалаған. Тексеру кезінде жәбірленушінің айтуынша, үйіне белгісіз екі ер адам кіргені белгілі болды. Осы сәтте диван үстінде ұйықтап жатқан үй иесі оянып кетіп, күдіктінің бірі оның аузын жауып, дауыс шығармауына әрекет етеді. Осы сәтте үй иесінің әйелі оянып, ол күйеуіне төніп тұрған күдіктіге жармасады. Осындай арпалыс кезінде күдіктілердің бірі қолындағы пневматикалық қарумен оқ атып, үйден қашып кетеді. Үй иесі жарақат алған.
Оқиға түнгі сағат 02:00 шамасында орын алған.
Жедел уәкілдер қарақшылық шабуыл жасаған екі ер адамның жеке басын анықтады. Жинақталған ақпарат көздері арқылы одан әрі іздестіру жұмыстарын жүргізген тәртіп сақшылары, күдіктілерді тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Олар бір-біріне туыс жергілікті тұрғындар болып шықты.
Тінту кезінде айғақты зат ретінде пневматикалық қару тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігі (Қарақшылық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу барысында орын алған оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады.