Түркістан облысында шетелдік автобус жол жиегіне шығып кетіп, жол апаты орын алды. ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 27 тамыз күні таңғы 07:18 шамасында болған. Түлкібас аудандық полицияның кезекші бөліміне жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама келіп түскен. Белгілі болғаны, Шақпақ ауылының маңында 601 шақырым жердегі жол қиылысында автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол шетіндегі ойпаң жерге түсіп кеткен. Ресми мәліметке сүйенсек, жүргізуші қалғып кеткен.
«Тексеру барысында автобустың Өзбекстаннан Қырғызстанға жол жүріп бара жатқаны және ішіндегі жолаушылар шетел азаматтары екені белгілі болды. Жол-көлік оқиғасының салдарынан жарақат алған 12 адам жақын маңдағы ауруханаға қаралды. Адам шығыны жоқ. Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігімен тіркеліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Сараптамалар тағайындалды» делінген ақпаратта.