Түркістан қаласында дүкеннен жаңа киім сатып алуға келген жас келіншек соңында ақшасын төлемей кетіп қалған. Қалалық полиция басқармасына облыс орталығындағы киім сататын дүкендердің бірінен арыз келіп түсті. Онда жәбірленуші дүкеннен белгісіз біреу ұрлық жасап, 60 000 теңгеден астам шығын келтіргенін жеткізген.
Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында түркістандық тәжірибелі полицейлер бірден іске кірісті. Нәтижесінде күдікті анықталып, тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Ол жергілікті тұрғын, жас әйел болып шықты. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
«Жас әйел дүкенге сатып алушы ретінде келген. Содан өзіне ұнаған бірнеше жаңа киімдерді сөмкесіне ешкімге білдіртпей салып алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Күдіктіден ұрланған заттар айғақты зат ретінде алынып, заңды иесі қайтарылды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде» делінген облыстық Полиция департаментінің мәліметінде.