Жамбыл облысы, Шу ауданында 2015 жылдың наурыз айында орын алған ұрлық қылмысы ашылды. Сол кезде полицияға арыз жазған 32 жастағы әйел белгісіз адамдардың терезені сындыру арқылы үйіне жасырын түрде кіріп, алтын зергерлік бұйымдарын, 2000 АҚШ долларын, 2 дана қару мен оқ-дәрілерді ұрлап кеткендігін көрсеткен.
Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 188 және 291-баптары бойынша тіркелген.
«Осы жылдар ішінде қылмыскерлерді ұстау бойынша жедел шаралар тоқтатылған жоқ. 7 жылдан кейін 37 жастағы жергілікті тұрғын анықталды. ҚР ҚК-нің 291-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған қылмысты жасағаны үшін 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған» деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.
Күдіктінің айтуынша, ол досымен бірге алдын-ала сөз байласып, 2015 жылдың наурыз айында қылмыс жасаған. Ұрлаған заттарды жеке бастарының қажеттіліктеріне жұмсап, ал қаруды ескі қарыздары үшін танысына берген. Оның серіктесі бірнеше жыл бұрын қайтыс болған.