Түркістан қаласында жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болды. Оған танысы 12 сотық жер телімін алып беремін деп сан соқтырып кеткен. Осылайша күдікті алдау жолымен 2022 жылдың наурыз айында оның 4 миллион теңге ақшасын алған. Алайда осы күнге дейін не жер алып бермеген, не ақшасын қайтармаған. Құрғақ уәдеден шаршаған тұрғын полицейлерге арызданған.
«Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды. Жедел-тергеу тобы арызданушы жауабына сәйкес шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция басқармасына жеткізді. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде»,-деді Түркістан облыстық Полиция департаменті.
Белгілі болғандай, алаяқтық жасады деп күдікті боп отырған ер кісі алдау арқылы иемденген ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберіпті.