Түркістан облысы, Жетісай ауданында жас жігіт сусындар сақтаулы тұрған қойма ішіндегі кассадан 6 млн теңгені үптеп кетті. Оның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Ұрлық туралы қойма иесі полицияға арызданған.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды. Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшылары жедел іске кірісті. Нәтижесінде қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын болып шықты. Жас жігіт бұрын сол жерде жүк тасушы болып жұмыс жасаған. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Одан айғақты зат ретінде 1 525 000 теңге алынып, иесіне қайтарылды»,-деді Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Полицейлердің мәліметінше, күдікті қойма ішіне сағат 16:00 шамасында оп-оңай кірген. Ондағы жұмысшылардың үйіне қайтқанын күтіп, 5 сағаттай жасырынып отырған. Жұмыс уақыты аяқталып, қоймадағылар үйлеріне тарқаған сәтте, арам ойын іске асырған. Сағат 21:30 шамасында қойманың терезесі арқылы кассаға өтіп, 6 млн теңгені сөмкесіне салып, оқиға орнынан бой тасалаған.