Жетісу облысы Ескелді ауданында ауылдасының өліміне қатысы бар деген күдікпен мемлекетаралық іздеуде жүрген 43 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментіндегілер хабарлады.
Қанды оқиға ағымдағы жылдың 16 қыркүйек күні Алдабергенов ауылында болған. Екі жергілікті тұрғын арасында жанжал орын алған. Салдарынан басынан ауыр жарақат алған олардың бірі ауруханаға жеткізілген. Алайда науқас аурухана төсегінде жан тапсырды.
Күдікті жасырынып, көп ұзамай мемлекетаралық іздеуге жарияланды. Белгілі болғандай, ер адам бұрын ауыр қылмыстар үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын түзеу мекемелерінде өтеп шыққан екен.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ер адамның Талдықорған қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде жасырынғаны анықталды. Арнайы жасақ жауынгерлеріні көмегімен күдікті ұсталды. Аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Іс Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігіне (жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) сәйкес тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде», — деп атап өтті ведомствадағылар.