Шымкент қаласының әкімі тұрғындардың табысын арттыру мақсатында шаһардың өндірістік қуатын көбейту жұмысы қолға алынғанын айтты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Мұрат Әйтенов мәлімдеді.
Қала басшысы 2022 жылы 16 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті. Инвестиция көлемі 52,3 млрд теңгені құрады, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
«Бүгінде жоспарланған бес кәсіпорын іске қосылды. Солардың ішінде Орталық Азияда теңдесі жоқ «KazAlPack» ЖШС-нің алюминий банкі шығару жобасын атап өткім келеді. Жобаның құны — 23,4 млрд теңге. 145 жаңа жұмыс орны ашылды», — деді әкім.
Айтенов компания жылына 500 миллионға дейін алюминий банкі шығаруды жоспарлап отырғанын айтты. Бұл өнімдер импорттың 60 пайызынан бас тартуға мүмкіндік береді.
Қаланың төрт индустриалды аймағында барлығы 185,3 млрд теңгенің 130 жобасы жүзеге асырылып, 8,3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.