«Жасыл даму» АҚ қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинаудың инфрақұрылымын дамыту жобасы аясында Өскеменде заманауи сұрыптау желісі іске қосылды. Бұл туралы Elitar.kz Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Кешеннің ресми ашылуына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов және Гректің «Sabo» компаниясының өкілдері қатысты.
Қазақстанда алғаш рет іске қосылып отырған заманауи кешен жылына 100 мың тонна қалдықты сұрыптайтын мүмкіндігі бар. Автоматты сұрыптау жабдығының құны 2,6 млн еуроны құрайды. 2020 жылдың желтоқсанында сұрыптау желісін жеткізуге арналған үшжақты келісімге сәйкес құрылғыларды Гректің «Sabo» компаниясы орнатушы, «ӨКМ Операторы» қаржыландырушы және Өскемен қаласының әкімі жабдықтарды қабылдаушы ретінде мәміле жасалған болатын.
Айта кету керек, тұрмыстық қалдықты бөлек жинау мен сұрыптау жүйесін енгізу жобасының жол Картасы аясында Өскемен қаласына 1 274 бірлік еуро контейнер, қалдық шығаруға арналған арнайы 6 техника сатып алынды.