Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығы қайта жұмыс істеуде, деп хабарлайды Elitar.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
23 қазан күні Риддердегі жылу электр орталығында сапасыз мазут салдарынан төтенше жағдай болғанын хабарлаған едік. Қазандықтар жұмысын тоқтатып, халық жылусыз қалған.
Кеше орталыққа «Қазцинк» ЖШС-нан және Өскемендегі ЖЭО-дан қосымша мазут жөнелтілген болатын.
Қала әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта үйлер жылуға қайта қосылды.
«Ақау болған кезден бастап бірден арнайы жедел штаб құрылып, мәселе бақылауға алынды. Орталыққа барлығы 190 тонна мазут жеткізілді. Соның нәтижесінде, 3 қазандық қайтадан штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Төртінші резервтік жоғары қысымды қазандық та қыздырылып, іске қосылуда», — дейді шаһар әкімі Дмитрий Горьковой.
Оның айтуынша, бүгінгі күннің ішінде үйлерге қайтадан ыстық су келеді.