Түркістан облысында есірткі заттарын сақтауға қатысы бар зейнеткерге сот үкімі шықты. Қарт тұрғын Қылмыстық кодекстің 296-бабында көзделген «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Мақтаарал ауданының тұрғыны “Қарасора” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ұсталған болатын. Жедел уәкілдер шұғыл іздестіру шаралары барысында Келес ауданы ауылдарының бірінде “Приора” автокөлігін тоқтатқан. Тінту кезінде өсімдік тектес зат салынған пакет табылған. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберіліп, тәркіленген есірткі жалпы салмағы 1 келіден асатын “көкнәр” болып шықты. Егде жастағы ер адам бұл әрекетін мойындап, есірткіні өзі тұтынуы үшін сақтағанын жеткізген.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің жинақталған іс құжаттары айыптау актісімен заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сот үкімімен зейнеткерге 3 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды»,-деді Полиция департаментіндегілер.