Қостанайлық полицейлер екі есірткі зертханасын жою бойынша арнайы операция жүргізді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 20 келіден астам марихуана тәркіленді.
Арнайы операция туралы Қостанай облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков Facebook парақшасында жазды.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында «Бүркіт» арнайы жасақтарының қатысуымен бір мезгілде есірткі саудасымен айналысты деген күдікпен Қостанай қаласының бес тұрғыны ұсталды. Ұсталғандардың бірінің үйінен 45 оралған полиэтилен байламы, сондай-ақ ерекше иісі бар жасыл түсті заты бар көлемді қап тәркіленді. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы шамамен 20 келі болды. Әрі қарай тексеру кезінде арнайы жабдықталған екі жылыжай бөлмесі табылды. Онда қарасора өсімдіктері топырақ қосылған құмыраларда жарықтандыру шамдарының астында өсірілген» делінген жазбада.
Кейін ұсталғандардың бірінің балконынан қарасора өсіруге арналған «плантация» анықталған. Қабырғалары шағылыстыратын матамен қапталып, бөлме жылытқыштармен, жарықтандыру құрылғыларымен және желдеткішпен жабдықталған. 9 құмырада марихуана өсірілген. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы «Есірткі құралдарын өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер қамауға алынды.