Шымкенттік бойжеткен жас жігітке көмектесемін деп соңында ақшасынан айырылып қалды. Оның айтуынша, көшеде кездейсоқ өтіп бара жатқа жігіт одан ұялы телефонынан досына қоңырау шалып алуды өтінген. Оқиға түскі уақытта болған. Байланыс құралымен сөйлескен жігіт телефонның сыртқы қабында тұрған ақшасын алып қойған. Жалпы келтірілген шығын көлемі 30 мың теңгені құраған.
Ақшасынан айырылған жас қыз дереу полицияға арызданған. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
«Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 21 жастағы азамат анықталды. Ол – Түркістан облысы, Жетісай ауданының тұрғыны болып шықты, жұмыссыз. Жас жігіт заңсыз әрекетке қаржыдан қысылғандықтан барғанын және бұл үшін өкінетінін жеткізді» деп атап өтті қалалық Полиция департаменті.