Әлеуметтік желілерде көпқабатты үйлердің бірінің жоғарғы қабатынан құлап кеткен ер адамның видеосы пайда болды. Бұл сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Онда белгісіз ер кісінің жерге құлап, кейінірек орнынан тұрып үсті-басын ретке келтіргенін көруге болады. Кейіннен ол көше бойымен кетіп қалады.
Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтады. Бұл туралы ІІМ-нің Telegram-каналы жазды.
Ер азамат екінші қабаттың терезесінен құлаған екен. Аталған жайт 15 қазанда таңғы уақытта орын алған. Ғабит Мүсірепов ауданының 38 жастағы тұрғыны бірер күн бұрын жұмыстарымен Петропавлға келіп, Әуезов көшесі бойындағы үйлердің бірінің екінші қабатынан пәтер жалдаған. Оның айтуынша, пәтерде жалғыз болған, спирттік ішімдік ішкен. Темекі шегуге балконға шыққан ол тепе-теңдікті сақтай алмай, төменге құлаған. Біраздан соң есін жиып, өзі пәтеріне келген. Медициналық көмекке жүгінбеген, ешкімге арыз-шағымы жоқ. Кейін аман-есен автобуспен тұрғылықты жеріне жол тартқан. Қазіргі уақытта жағдайы бір қалыпты.