Түркістан облысы Мақтаарал аудандық полиция бөліміне бірнеше тұрғын арызданған. Айтуларынша, олар алаяқтың құрбаны болғанын. Алаяқ әйел «WhatsApp» месенджерінде чат ашып, ондағы қосылған адамдарға ақша салған жағдайда бес күнде 40 пайызға көбейтіп бере алатынын айтып сендірген көрінеді. Бейтаныс келіншектің сөзіне сенген тұрғындар түрлі көлемде ақша салып, соңында алданғандарын түсінген. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелген.
Жәбірленушілердің алынған ақпаратқа сәйкес күдікті ретінде жұмыссыз жүрген көпбалалы әйел анықталған. Полицейлердің мәліметінше, ол бұған дейін де алаяқтық жасап, бас бостандығынан шектеу жазасын өтеп жүрген екен.
35 жастағы келіншек өзіне сенген тұрғындармен тілдесіп, 3 жәбірленушіден 400 000 теңгеге жуық ақша алып үлгерген. Оңай тапқан қаржыны бас пайдасына жаратып жіберген.
«Полицейлер осы қылмыстық іс бойынша іс-құжаттарын жинақтап, заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Мақтаарал аудандық сотының үкімімен күдікті кінәлі деп танылды. Сотта оның өз кінәсін мойындауы, шығынды өтеуі мен көпбалалы ана екені ескерілді. Сот оның бұған дейін тағайындалған жазасын ішінара қосып, түпкілікті 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады» деп атап өтті полициядан.