Оқу-ағарту министрлігі балабақшалардың жұмысына қатысты келіп түскен арыз-шағымдар туралы мәлімдеді. Өтініштердің арасында балаларды ұстау жағдайлары, сондай-ақ қызметкерлердің жұмысы мен балалардың денсаулығы мен өміріне зиян келтіру туралы шағымдар бар.
«Ішкі істер министрлігі мектепке дейінгі ұйымдарға қатысты 15 әкімшілік іс қозғады. Резонанс тудырған оқиғалардың бірі — Нұр-Сұлтан қаласындағы «Сәті» жекеменшік балабақшасында бүлдіршіндерге қатысты теріс қылық фактілері тіркелген оқиға. Онда балабақша қызметкерлері балаларды еденге сүйреп, бұрышқа тұрғызып, еденге итеріп, жылауын тоқтатуға мәжбүрлеген» делінген министрлік мәліметінде.
Ал Атырау қаласындағы жекеменшік балабақшада топтағы балалардың көп болуына байланысты тәрбиеші балаларға дұрыс бақылау жүргізбеген. Соның салдарынан балабақшаның үш тәрбиеленушісі 2019 жылы туған қызды ұрып-соғып, жарақаттаған.
Қызылордада жекеменшік балабақшаға барған бүлдіршін көз жұмған.
«Балабақша жүргізушісі мекемеге 7 баланы алып келген. Балаларды балабақшаға кіргізген тәрбиешінің көмекшісі бір баланың көшеде қалып қойғанын байқамай қалған. Жүргізуші де балаға мән бермей, баланы қағып кеткен. Бала ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды»,-деді министрліктегілер.
Ал Теміртауда қыздың бетін көрпемен жауып, баланы тұншықтырмақ болған мұғалімге қатысты үкім шығыпты. Сот тәрбиешіні Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 3 жыл мерзімге кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 120 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындады.
Ақтөбе қаласындағы «Ботақан» жеке балабақшасының 4 жасар тәрбиеленушісі баспалдақтан құлап түсіп, тамақ аймағынан (иек асты) дене жарақатын алған. Оқиға туралы ата-анасына ешкім айтпаған, ата-ана бұл туралы кешкі уақытта ғана біліпті. Балабақша әкімшілігі балаға алғашқы медициналық көмек көрсетпеген. Ата-ананың осы жайды анықтап беруін сұрағанда балабақша меңгерушісі «Балаңызды біздің балабақшадан алыңыз, ұнамаса әкелмеуіңіз керек еді» деп дөрекі жауап берген.
Емханада балаға тігіс салынып, жараның ауырлығына байланысты антибиотиктер тағайындалған.
«Учаскелік полицейлер балабақшадан тәркілеген бейнежазбаға сәйкес, бала дене жарақатын алғаны расталып отыр. Видеода бала жылап, иегінен ұстап, өзі дәретханаға барады. Қанды өзі жуады, кейін топқа барып жатады. Бейнежазбада балалар өз беттерімен қалып, ересектерсіз балабақшаның екінші қабатында жатқаны да байқалады. Тәрбиелеуші 20 минут өткен соң келіп, 4 жасар қыздың жейдесін ауыстырады. ҚР ӘҚБтК-нің 409-бабының 3-бөлігімен балабақша меңгерушісіне 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салу арқылы әкімшілік іс қозғалды» деп қосты ведомствадағылар.
Оқу-ағарту министрлігіндегілер елімізде балабақша ашу және жұмыс істеу үшін уәкілетті органға хабарлама жіберу жеткілікті екенін айтып отыр. Олардың мәліметінше, балабақшаларда қандай жағдай жасалғанын, қабылданған тәрбиешілердің біліктілігі қандай, санитарлық-өрт жағдайы ең төменгі талаптарға сай ма, соны бақылау қызметі жоқ екен. Ал білім бөлімдерінің мектепке дейінгі ұйымдарды аралап, тексеруге заң тұрғысында рұқсат берілмеген. Осыған байланысты балабақшалардың лицензиясын қайтару қолға алынып жатыр екен.