Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, үйіне белгісіз біреу кіріп, сарайында тұрған 4 дана отпен күйдіргіш құралы, 3 дана электромотор, 1 дана бұрыштық тегістеуішін (болгаркасын) жасырын түрде ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген жалпы шығын көлемі 400 мың теңгені құрады. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Жүргізілген іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктінің мекенжайы анықталған. Ол жергілікті тұрғын, жәбірленушінің көршісі болып шықты.
Ер кісі күндізгі сағат 11:30 шамасында көршісінің үйіне ұрлыққа түскен. Ол есікті күшпен ашу арқылы қоймаға кіріп, тұрмысқа қажетті заттарды ұрлап кеткен.
«Күдікті оңай жолмен келген олжасын сатып үлгермеген. Айғақты заттар оның үйінен табылып, иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда ұсталған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде» деп атап өтті Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер.