Қытай коммунистік партиясының (ҚКП) 20-шы съезінің ашылу салтанатында оның Бас хатшысы Си Цзиньпин Қытайдың гегемонизм және шекарасын кеңейту саясатын ұстанбайтынын айтты, деп хабарлайды Elitar.kz.
90 млн қытай коммунистерінің басын біріктіретін 2300-ге жуық форум делегаты ҚКП Орталық Комитетінің алдыңғы съезден кейінгі 5 жылдағы қызметін қорытындылап, партия мен елдің алдағы бесжылдық қызметінің негізгі бағыттарын айқындайды.
«Қытай Коммунистік партиясының съезі – бүкіл партия мен барлық этностардың заманауи социалистік елді құрудың жаңа жолына түскен сын сағатта өтетін өте маңызды форум», – деп жазды Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап inbisness.kz.
Съезд мүшелері Орталық Комитетті сайлайды, ол өз кезегінде Саяси Бюро мен оның тұрақты комитетінің мүшелерін нақтылайды, ҚКП тәртіптік кеңес мүшелерін бекітеді.
Си Цзиньпин өз баяндамасында атап өткендей, «Қытай гегемония мен дөрекі күштің кез келген түріне үзілді-кесілді қарсы, «қырғи-қабақ соғыс» ойлауын, басқа елдердің ішкі істеріне араласуды қабылдамайды, қос стандарттарға қарсы».
ҚКП Орталық комитетінің бас хатшысы Си Цзиньпин үшінші мерзімге қайта сайланады деп болжануда. Бұл оның 2023 жылы Бүкіл қытайлық халық өкілдері жиналысының сессиясында Қытай Халық Республикасының төрағасы болып қайта сайлануына жол ашуы мүмкін. Ол 2013 жылдан бері мемлекет басшысы болып келеді, ал 2018 жылы ҚХР Президентінің өкілеттігін екі мерзімге шектеуді алып тастау туралы конституцияға түзетулер қабылданған болатын. Қытай Коммунистік партиясының Жарғысында ең жоғары партиялық лауазымды иелену үшін мерзім қарастырылмаған.
Бақылаушылардың пікірінше, партияның орталық комитеті Саяси бюросының тұрақты комитетінен бірнеше адам, соның ішінде Қытай премьері Ли Кэцян кетуі мүмкін.
Алқалы жиын 22 қазанға дейін жалғасады. Осыдан кейін Орталық комиссияның жаңа құрамының алғашқы пленумы өтеді. Онда коммунистік партияның Бас хатшысы сайлануы тиіс. Бұдан бөлек пленум барысында партияның Саяси бюросы мен оның тұрақты комитетінің құрамы жаңартылуы тиіс.