Шымкент қаласының тұрғындары арасында туберкулез ауруының эпидемиологиялық жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен аталған дертке шалдыққандар саны өткен жылмен салыстырғанда артқан. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы айтты.
«Туберкулез — көне заманнан келе жатқан аурушандық. Бұл – жұқпалы ауру, қоздырғышы микобактериялар. Ең алдымен өкпе, кейде басқа ағзаларды да зақымдайды. Міндетті профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және туберкулезге қарсы тиімді химиялық препараттардың болуына байланысты адамдар бұл ауруды белгілі деңгейде бақылай алады. Туберкулезді жұқтыру (95%) туберкулездің белсенді түрімен ауыратын адамнан ауа және ауа тамшылары жолдары арқылы беріледі. Туберкулездің алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация»,-деді спикер.
Ақпараттық-коммуникациялық орталығының мәліметінше, осы жылдың 9 айында жалпы туберкулездің алғашқы анықталған 252 жағдайы тіркеліп, 2021 жылдың осы мезгілімен салыстырғанда аурушаңдық +4,90 % өскен. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 20 жағдай тіркеліп, аурушаңдық 9 жағдайға, жасөспірімдер арасында 10 жағдайға тіркеліп, аурушаңдық 9 жағдайға жоғарылаған.
Спикердің сөзінше, өкпе туберкулезінің 201 жағдайы тіркеліп, өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда аурушаңдық 18,44%-ға өскен. Он төрт жасқа дейінгі балалар арасында 5 жағдай тіркеліп, 2021 жылмен салыстырғанда аурушаңдық 1 жағдайға артқан. АЛ жасөспірімдер арасында 7 жағдай тіркеліп, аурушаңдық 6 жағдайға көбейген. Бацилярлы туберкулездің алғашқы анықталған 68 жағдайы тіркеліп, жалпы аурушаңдықтың 27,0% -ы құраған. Өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда аурушаңдық 17,18% төмендеген.