Маңғыстау облысында деструктивті діни ағымды ұстанушылар ақтаулықтан 8 млн теңге бопсалаған. Облыстық Полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне деструктивті діни ағымды ұстанушылар алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобында ақшалай қаражат бопсалаумен айналысатыны туралы жедел ақпарат келіп түскен. Бұл туралы Polisia.kz жазды. Осы жылдың 13 қыркүйегінде сағат 23:30 шамасында алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жәбірленушіні Ақтау қаласының шағын аудандарының бірінде орналасқан жалдамалы пәтерге алдау жолымен әкеліп, тапанша, электрошокер мен пышақты құрал ретінде пайдаланған. Бопсалау жолымен жәбірленушіден 8 млн теңге мөлшерінде ақшалай қаражат талап еткен және бұл әрекеттерді ұялы телефон камерасына түсіріп алған.
Бұл дерек Маңғыстау облысы ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі және 126-бабы 2-бөлігі бойынша тіркелді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті қызметкерлері мен полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін өткізу барысында бір мезгілде күдікті деструктивті діни ағымның төрт жақтаушысын ұстады. Оларға қатысты тінту іс-шаралары жүргізілді. Барлық заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қылмыстық топтың барлық мүшесі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен барлығы қамауға алынды.