«Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевті тергеу изоляторында қамауда ұстау мерзімі 7 желтоқсанға дейін ұзартылды. Бұл туралы Алматы қалалық соты хабарлады.
«6 қазанда Алматы ауданаралық соты тергеу өтінішін қарап, Арман Жұмагелдиевті қамау мерзімін 7 желтоқсанға дейін ұзартты. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ»,- делінген хабарламада.
Еске салсақ, қаңтарда Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікке байланысты қалалық полицейлер қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевті ұстаған болатын. Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметі құрамында «Дикий Арман» бар қылмыстық топқа жаппай тәртіпсіздік кезінде 24 адамды ұрлап, күштеп ұстаған деген айып тағылғанын айтты. Олар бейбіт тұрғындарды ұрып-соғып, салдарынан біреуі қайтыс болған.
Ақпан айында Арман Жұмагелдиевтің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторына қамалғаны белгілі болды.