23 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда Димаш Құдайбергеннің «Stranger» атты жеке кеші өтеді. Бұл әншінің Қазақстандағы алғашқы концерті.
Қазақстанға әлемнің 68 елінен өнер иесінің ерекше дауысын тірідей есту үшін жанкүйерлері арнайы келді. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі жазды.
Концертті ұйымдастыруға 200-ден астам маман жұмылдырылған. Концертке 400 волонтер қолдау мен көмек көрсетеді. Көрермендерді ультразаманауи шоу күтуде.
Концертте Димаш Құдайберген 31 ән орындайды. Шоу барысында әртісті өзінің бэнд-тобы сүйемелдейді. Онда баршаның сүйіп тыңдайтын композицияларымен қатар жаңа туындылар да шырқалады.
Осы концертте Димаш алғаш рет інісі Әбілмансұр Құдайбергеннің сөзіне жазылған әнді орындайды. Бұл әйгілі француз музыканты FKJ шығармашылығынан шабыттанған стильді жастар әні. Маэстро Ренат Гайсин жазған авторлық аспаптық шығарманы Әбілмансұрдың өзі де орындайды.
Кеште Қазақстанның Мексикадағы Елшілігінің көмегімен жазылған Димаштың испан тілінде жақында жарияланған шығармасы да орындалады. Сондай-ақ «Бір аспанның хикаясы» атты авторлық композициясы шырқалады.
Концертке халықаралық бишілер ұжымы, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі мен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі қатысады.