Түркістанда ақ жаулықты әжелердің қатысуымен “Ақ орамал” акциясы өтті. Шараны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі ұйымдастырды.
Кеңес төрайымы Гүлсара Төлебекқызы бастаған барша ақ жаулықты аналар Түркістан қаласының көпшілік орындарында әуелетіп ән салып, қазақтың қара домбырасымен күмбірлетіп күй шертті. Ардақты аналардың өнеріне жұртшылық тәнті болды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, шара барысында болашақ ана болар бойжеткен қыздар өздерінің қос бұрымын өріп, ата-баба салтын көрсетіп, көпшілік ықыласына бөленді.
Игі шараны ұлт пен ұрпақ тәрбиесінің талбесігіне айналған Түркістан халқы жылы қабылдады. Аталған акцияға үлкен-кіші түгел қатысты. Ақ жаулықты әжелер “Ақ кимешекті кір шалмасын” деген ақ ниетпен кимешек киіп, әдемі кештің әрін келтірді.
Акция шеңберінде аналар қауымы көшедегі жүздескен аналарға ақ орамал сыйлап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеді. Ұйымдастырушылардың атуынша, мұнда игі шара алдағы уақытта да жалғасады.