Шымкентте 40 жастағы тұрғынның үйіне ұрлыққа түскен күдікті ұсталды. Оқиға күндізгі уақытта болған. Қылмыс жасады деген күдікке ілініп отырған адам жәбірленушінің өз қызметкері болып шықты. Ол бастығының үйінде ешкім жоқтығын пайдаланып, «LG» маркалы теледидарын жасырын түрде ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 100 мың теңгені құраған.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Жедел іздестіру іс-шарасы барысында күдікті бір тәулік ішінде ұсталды. Ол Түркістан облысының 48 жастағы тұрғыны болып шықты. Айғақты зат тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Полицейлер ұсталған азаматтың басқа да осы тектес жайттарға қатысы бар-жоқтығын анықтауда. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр» деп атап өтті Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер.