Аудандарды жайлаған шалғын көбелегі облыс орталағына жетті. Нәзік қанаттылар тал-терек маңында да, көгалды жерде де, жағалауда да толып жүр. Алдындағы көкті талғамай жей беретін жәндік шағылысу фазасында,- дейді мамандар.
«Көбелектер жапырақтың астыңғы жағына жұмыртқа салады. Содан кейін жұлдызқұртқа айналады. Шаруагерлерге айтарымыз: «Жер мен өнім өзінікі, біреуге жалтақтай бермей өздері де қамданғандары жөн. Бірінші ұрпағымен күрескен кезде де шаруагерлер өз қаражатымен улады. Қазір жергілікті бюджетке ауыстырып жатырмыз. Сонда да уақыт созып, өнімінен айырылып қалмас үшін әркім өзі қамданғаны абзал»,-деді Атырау облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Әбила Қазиева.
Маманның айтуынша, облыста шалғын көбелегі 377 гектар жерден анықталып отыр. Оларды улау бойынша жоба жасақталып, министрлікке өтініш берілген.