Павлодарда қоғамдық автобус жүргізушісі көлік тізгіндеп келе жатып ұялы телефонымен ойын ойнап отырған. Оны жолаушылардың бірі видеоға түсіріп алған. Бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап кетті.
Бұл оқиғаға қатысты полиция пікір білдірді. Polisia.kz хабарлауынша, жүргізуші бұған дейін де тура осындай құқықбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБК 591-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама жасалды. Ер адаммен профилактикалық әңгіме өткізілді, онда ол өз қателіктерін қайталамауға және жол қозғалысының барлық ережелерін сақтауға уәде берді», – деп атап өтті қалалық патрульдік полиция батальонының командирі Ринат Шарипов.
Жалпы Павлодарда биыл жыл басынан бері 1900 жүргізуші көлік басқару кезінде ұялы телефонды пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылған екен.