Шымкентте 2023 жылы үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешілетін болады. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов дәстүрлі тамыз кеңесінде айтты.
«Құндылыққа бағдар: Сапалы білім. Өзін-өзі бағалау. Жаңа мүмкіндіктер» атты тақырыпта өткен кеңеске 800 педагог қатысты.
Конференцияда сөз алған шаһар басшысы «Педагог мәртебесі туралы» Заңының қабылдануы, ұстаздар қауымының қоғамдағы абырой – беделін арттырып, әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына бағытталғанын айтып өтті.
«Соңғы 3 жылда елімізде мұғалімдердің жалақысы 2 есеге артып, 2020 жылдан бастап бүгінге дейін 75%-ға өсті. 2023 жылы жалақыға тағы 25% қосылатын болады. Мемлекет басшысының елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу міндеттемесіне сәйкес, Шымкент қаласында 101 мектептің құрылысын жүргізу қарастырылып, 51 мектеп пайдалануға берілді. 2 жылда бағдарламаның 50 пайызын немесе 11 мектепке артығымен орындап отырмыз. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке азайды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешілетін болады»,-деді шаһар басшысы.
Жиында білім саласын дамытудың бағыттары мен маңызды мәселелері талқыланып, оқу пәндерінің педагогтары ұсыныстары мен пікірлерін диалогтік алаңда ортаға салды.
Кеңесте оқу-ағарту саласында ерекше жетістігімен көзге түскен ұстаздар “Мейірім”, “Еңбек ері” медальдарімен және “Білім беру ісінің құрметті қызметкері”, “Ы.Алтынсарин” төсбелгілерімен марапатталды.