Оралда есірткі таратқан 15 жастағы оқушы мен 19 жастағы жігіт сотталды. Олар осы жылдың 2 наурызында тәртіп сақшылары Орал станциясының маңын тексеру кезінде ұсталған. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Ұсталғандардың оралған ұнтақты ағаш бұтақтарына жасырғандығы анықталды. Сараптама қорытындысына сәйкес, табылған зат психотроптық зат болып шықты және оның жалпы салмағы 11 грамды құрады. Оқушы мен жас жігіт «өз қызметін» Telegram арналардың бірі арқылы жүргізген.
Аталған факті бойынша Орал станциясындағы желілік полиция бөлімі ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тергеу жүргізді.
Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 19 жастағы сотталушыға 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал оның 15 жастағы сыбайласы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.